«Қош, қош бол мектебім,
Бал дәурен күндерім.
Таңындай көктемнің
Өтіпті сенде күн...» -
деп 25 мамырда мектеп түлектерінің баршасы бала шақтан болашаққа жолдама алып, алтын ұя мектеппен қоштасты.
Салтанатты жиынға ұстаздар қауымы, ата-аналар, құрметті қонақтар, оқушылар қатысты. Мектеп мерекеге сай безендірілген. Мереке көркі - ақ бантикті балауса қыздар, бозбалалар, қолында гүл, жүзінде - нұр ұстаздар, ата-аналар. Салтанатты жиынның шымылдығы еліміздің Әнұранымен ашылды. Одан кейін мектеп директоры Зәуре Жақанқызы оқушылар мен ұстаздарды мерекелерімен құттықтап, мектеп бітіруші түлектерге ақ тілектерін жеткізді.
Еліміздің болашағы сендердің қолдарыңда. Сондықтан әр кезде терең білім алу жолында жалықпай, талмай ,ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болыңдар – деді мектеп басшысы түлектерге..
Салтанатты жиында түлектер ұстаздар қауымына тілектерін жолдады.Сондай- ақ «Мектеп вальсі» жарияланғанда ақ бантикті балауса қыздар мен жас желең бозбалалардың қалың жұбы тұтастай дөңгелене жөнелді. Шара соңында қоңырау соғылып, түрлі – түсті шарлар ұшырылды.