Биылғы біліктілік емтихандары Ұлттық бірыңғай тестілеу форматында өтті. Мұғалімдер сынаққа кірмес бұрын жіті тексерілді, шара барысында ұялы телефондар мен өзге электронды құралдарға тыйым салынған.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Жомарт Қарамбаевтың айтуынша, аттестаттаудың жаңа форматы мұғалімдердің шеберлігін бағалау құралына айналған.
«Педагог-шебер категориясын дәлелдеген ұстаздар жалақыларына 50% үстеме алады. Ал педагог-сарапшы санатын дәлелдеген мамандардың айлықтарына 20-30% үстеме қосылады. Базалық пәндерін ағылшын тілінде жүргізетін тәжірибелі педагогтардың еңбекақысы 200 мың теңгеден асады», - дейді Жомарт Қарамбаев.
Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, аттестация тапсыруға Павлодар облысында 2154 педагог өтініш берген.
«Соның ішінде тестілеуге 1959 мұғалім қатысты. Ал 165 мұғалім белгілі себептерге байланысты қатысқан жоқ. Тестілеуде 70%-ға жуық ұстаз «жақсы» деген нәтиже көрсетті. Шебер-педагог атануға үміт білдіргендердің 60% өз біліктіліктерін дәлелдеді. Зерттеуші-педагог мәртебесіне арналған сынақты 580 мұғалім үздік тапсырды», - дейді Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметі.
Тапсыра алмай қалған ұстаздар үстіміздегі жылдың мамыр айында аттестацияны қайта тапсырады.