ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшідинова жұмыс берушілерден жиналыс күні балалары мектепте оқитын ата-аналарды жұмыстан ерте босатуды сұрады, — деп хабарлайды Studentmedia.kz.
15 мамыр – Халықаралық отбасы күні. Осыған орай, еліміздің түкпір-түкпірінде 15 мамыр күні ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы өтеді. Жиын мектепте оқитын баласы бар және мектептердің қазіргі жағдайына бей-жай қарамайтын әрбір қазақстандық отбасыға қызықты болуы керек. ҚР Білім және ғылым министрі ата-аналарды жиналысқа қатысуға шақырса, жұмыс берушілерден оларды сол күнгі қызметінен ертерек босатуды өтінді. Бұл туралы ҚР БҒМ баспасөз хабарламасында айтылған.
«Ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы күні ата-аналар мектепке келіп, мектеп басшыларымен, сынып жетекшілерімен және мұғалімдерімен кездесіп, мазалап жүрген сауалдарға мардымды жауаптар алу мүмкіндігіне ие болады.
Құрметті ата-аналар, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым Министрлігі Сіздерді аталмыш іс-шараға қатысуға шақырады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшідинова ата-аналар балалары оқитын мектепке үлгеру үшін жұмыс берушілерден осы күні қызметкерлерді жұмыстан ерте босатуды сұрайды«, — делінген баспасөз хабарламасында.