Халқымыздың аяулы перзенті, қазақ көркемсөз өнерінің жұлдызы, тұғырлы тұлғаларының бірі Сафуан Шәймерденовтің ардақты бейнесі ел жүрегінде әрқашан сақталып келеді. Бүгін 24 ақпанда ақиық жазушының есімі қалалық классикалық гимназияға берілгеніне 5 жыл толса, Сафуан атамыздың өмірден өткеніне кешегі күні 13 жыл толып отыр. Жазушы аталарын дәріптеп, оның шығармаларын жатқа оқитын оқушылар қатары жылдан жылға өсуде. Осыған орай, гимназияда 24 ақпан күні «Заңғар жазушы – Сафуан Шәймерденов күні» өткізілді. Мектепке кіргеннен бастап оқушылар жазушы туралы бейнефильмдер көріп, дүйсенбі күнгі салтанатты жиын атамыздың құрметіне өтті. Салтанатты жиыннан соң Сафуан Шәймерденовты еске алу, шығармаларын, өмірін, әдебиеттегі орнын насихаттау, дәріптеу мақсатында 1-11 сыныптар арасында сынып сағаттары өткізілді. Үзіліс уақытын тиімді пайдалану мақсатында оқушылар жазушының «Жұлынбаған қызғалдақ» әңгімесін оқыды. Осы шығарма желісі бойынша Серғали Мәлік (Сафуан Шәймерденов) пен Сабырова Мерейдің (Сафуанқызы Жанна) қатысуымен сахналық қойылым көрсетілді. Тәрбиелік мәні зор шығарма, оқушылар мен ұжымның жүрегінен орын алды.
Сафуан Шәймерденовке арнайы орнатылған мемориалды тақта алдында, гимназия оқушылары мен ұстаздары жазушыға тағзым етті.