«Көп қарттың ортасында жүрген дана болар» дейді. Атасының қасында жүріп ескінің әңгімесін тыңдап, қамшы өрсе, бір бауын ұстап отырса, бойына қаншама рухани әрі дағдылық қасиеттерді сіңіреді. Сол сияқты әжесінің айтқан ертегі-әңгімелері арқылы жақсы мен жаманды, өтірік пен шындықты, ақ пен қараны ажыратуды үйренеді. Баламен отырып әңгімелескеннің өзі тәрбиедегі ең маңызды құрал болып табылады: баланың айналасындағыларға деген сенімін оятады, тілін дамытады, тілі арқылы ой-өрісін, интеллектісін арттырады. Бастысы баланың қоршаған ортаға үйренісіп, жақсы қарым-қатынасқа түсу дағдысын қалыптастырады. Ата мен әженің «мектебінен» шыққан балалар өмірде рухани жағынан мықты болып келеді: жүрегі жұмсақ, қоршаған ортаға қамқор, мейірбан кісілер болып ержетеді.
Ұлттық тәрбиені оқушылардың бойына дарыту мақсатында қыркүйектің 29-ы күні 4 “Ә” сыныбында “Қарттарым - асыл қазынам” тақырыбында ашық тәрбие сағаты өтті. Іс-шараға ата-аналар мен оқушылар белсене қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Ата-әжелер немере-балаларының өнерін тамашалап, алғыстарын білдірді.