Отрасли
Новость
«Тәрбиеші ол кім?» атты дөңгелек үстел
«Мектепке дейінгі ұйымдар тәрбиешісі» мамандығы бойынша болашақ мамандарды даярлаушы, 70 жылдық тарихы бар қасиетті білім ордасы - Астана қаласындағы Гуманитарлық колледжінде «Тәрбиеші ол кім?» атты дөңгелек үстел өтті.
Мектепке дейінгі ұйымдарда баламен тікелей қарым-қатынасқа түсіп, қазіргі таңда тұрақты өзгеріп тұратын әлемге табысты бейімделуге қабілетті бала тұлғасының қалыптасуы мен дамуы үшін жағдай жасайтын, ата-аналармен бірлесе отырып баланың дұрыс өсіп-жетілуін, қалыптасуын белгілі нысанда жүргізетін ықпалды тұлға – тәрбиеші. Сондықтан балалар тобындағы психологиялық ахуал, балалардың өзара қарым-қатынасы, олардың балабақшаға келуге деген ынталығы, тағы да көптеген жағдайлар тәрбиеші жұмысына байланысты.
Мектепке дейінгі тәрбие мүдделеріне сәйкес педагогикалық кадрларды іріктеп даярлау, олардың жұмыс әдістерінің тиімділігіне берілетін баға шегін анықтау, экономикалық ынталандыру, психологиялық, әлеуметтік қызмет көрсету сияқты өзекті мәселелерді техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары мен жоғарғы оқу орындары жүзеге асырады. Сол білім беру ұйымдарының бірі «Мектепке дейінгі ұйымдар тәрбиешісі» мамандығы бойынша болашақ мамандарды даярлаушы, 70 жылдық тарихы бар қасиетті білім ордасы - Астана қаласындағы Гуманитарлық колледжі. Атаулы оқу орны мамандарды даярлауда әлеуметтік серіктестікті орнатуды жан-жақты қарастырған. Колледж директоры Ә. Жүсіпов біздің балабақшамен де әлеуметтік серіктестікті орнатып, теорияны практикамен ұштастыру мақсатында студенттердің біздің балабақшамыздың жоғары санатты тәрбиешілерінен тәжірибеден өтулеріне мүмкіндік жасап, озық тәжірибелерді өз бойларына сіңіре білсін деген мақсатта екі жақтың келісімімен келісімшартқа отырды.
«Адамды адам ғана тәрбиелей алады», - деген қағидаға сүйенсек, тәрбиешінің кішкентай мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді тәрбиелеп оқытудағы еңбегі ұшан теңіз. Дегенмен, бүгінгі күні қоғамымызда осы тәрбиеші мамандығының мәнін бұрмалап түсініп, қыр-сырына еш үңілмейтіндердің қысқа ойлы көзқарастарының да барын жоққа шығара алмаймыз. Осындай қате пікірлер болашақ жас мамандарымыздың бойларында ұяламасын, «тәрбиеші» мамандығына деген жауапкершілік пен сүйіспеншілік сезімі орнай берсін деген мақсатта №49 «Алтынай» балабақшасы Гуманитарлық колледжбен бірлесе отырып, тәжірибеден өтуші 213 к2 тобының машықкерлері мен екі жақтың әдіскерлерінің Назгуль Айтқалиқызы мен балабақша әдіскері Ментай Бахытқызы ұйымдастыруымен тәлімгер-тәрбиешілермен бірге желтоқсан айының 11-ші жұлдызында «Тәрбиеші ол кім?» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстел барысында «Тәрбиеші» мамандығының қыр-сыры ашылып, қазіргі қоғамдағы тәрбиеші мамандығының рөлі мен қажеттілігі жайлы ой қозғалды. Түрлі тапсырмаларды тәрбиешілер мен машықкерлерге бірлесе орындау негізінде бір-бірінің ойларымен бөлісіп, өз ойларын дөңгелек үстел басында ашық жеткізе алды. Бастысы, «Тәрбиеші» мамандығының құрметке лайықтығы мен қажеттілігі дөңгелек үстел барысында толық ашылды.
Осындай игі іс-шаралар жиі өткізілетін болса, қоғамымызда тәрбиеші мүддесін барынша көтеріп, болашақ жас тәрбиешілер тұлғасын жан-жақты қалыптастырып, құзыретті мамандар даярлайтынымыз анық!!!