Отрасли
Обсуждения
Новость

Ұстаз
Біреудің табиғаты - ұстаз, біреудің кәсібі - ұстаздық. Алғашқы туа бітті ұстаз, соңғысы жүре келе қалыптасатын ұстаз ретінде тануға болады. Менің сөз еткелі отырған ұстазым - Уәлиева Катаин Жанғалиқызы туа бітті мейірімнен жаралғандай шынайы ұстаз. Ұстаздықтың бір өлшемі - жүрек гүлі мейірім болса, екінші өлшемі - адалдық. Катаин Жанғалиқызының бойынан шәкірт алдында адал, өзіне де, өзгеге де әділ жанды көруімізге болады.
Біреудің табиғаты - ұстаз, біреудің кәсібі - ұстаздық. Алғашқы туа бітті ұстаз, соңғысы жүре келе қалыптасатын ұстаз ретінде тануға болады. Менің сөз еткелі отырған ұстазым - Уәлиева Катаин Жанғалиқызы туа бітті мейірімнен жаралғандай шынайы ұстаз. Ұстаздықтың бір өлшемі - жүрек гүлі мейірім болса, екінші өлшемі - адалдық. . Катаин Жанғалиқызының бойынан шәкірт алдында адал, өзіне де, өзгеге де әділ жанды көруімізге болады
Ұстаз болу, шәкірт тәрбиелеу - кез келген адамға бұйыра бермейтін бақ. Жан жылуын, бар білімін баланың бойына сіңіріп, әр оқушының үлкен өмірге оқып-тоқып, азамат болып аттануына зор үлес қосып жүрген ұстаздардың ұстазы.
Сонау қазақ елінің басына қара бұлт үйірілген жылдары (1939 жылы) дүниеге келіп, өмірдің ащысы мен тұщысын бірдей көріп, бойына рухани байлықты, ерлікті, қайсарлықты, еңбексүйгіштікті бір адамдай сіңірген жан. Заманымен бірге шынығып, бодандық құрсауына қарамастан өзінің жігері мен дарынының арқасында Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, өмірінің жарты ғасырын (41 жылын) ұстаздық жолға арнаған. Катаин Жанғалиқызын көрген әр адам тарихта өткен батыр аналарды еске алары анық. Олай дейтінім, рухани көл-көсір мұраларымыздағы шоқтығы биік, айтулы Әйел-Ана тұлғалары ішінде Құртқа, Гүлбаршын, Қарагөз, Қарлыға, Назым, Ақжүніс, Қыз Жібек, Баян сұлу секілді бірінен-бірі өткен, ақылымен, көрегендігімен, ерлік-өнегесімен ерге пана, елге қорған, ұрпаққа ана болған аруларды бірден танимыз. Бойында Домалақ Ананың даналығы, Қарашаш сұлудың тапқырлығы, Айғаным әженің мейірімі, Зере әженің шешендігі бар осы батыр Аналардың сынығы, бүгінгі жаңа заман Әже бейнесін көруімізге болады. «Ана бақыты - бала» десек, Катаин апай Бақыт ағаймен бірге бес бала өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, тоғыз немере, бір шөбере сүйіп отырған асыл Ана, мейірімді Әже. Немересі әрі шәкірті Есаматова Бәтима Биболатқызы 2011-2012 оқу жылында дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебін «Алтын белгімен» аяқтады. Қазіргі уақытта «Есеп және қаржы» мамандығын даярлауда әлемдегі 5 орынды иеленген, Ұлыбританияның Варвик университетінде қаржы және есеп факультетінде оқиды.
Көп жылғы еңбегінің жемісі мен жеңісін көру - ол да бір ғанибет. Қажыры мен тынымсыз еңбегінің арқасында «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» (1994 жыл), «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2012жыл), облыстық және қалалық білім беру мекемелерінің грамоталары мен Астана қаласы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған.
Сондай-ақ, зейнеткерлік жасқа келсе де ұлт тарихын қатты қастерлеп, тарих қазынасына терең сүңгіп, қазақ зиялыларының басынан кешкен тауқыметті де, қазақ басынан өткен қиын қыстау заманды да оқушылар жүрегіне жеткізуде, ұлтжандылыққа тәрбиелеуде бар күшін аямауда. Өр рухты Махамбет бабаларымыздай бір қолына қаламын алып - шәкірт тәрбиелесе, бір қолына домбырасын алып - ән салғанда еріксіз таң қаласыз. Жасы 70-тен асса да шәкірт алдында қасқайып тұрып сабақ беріп, жаспен жас балаша әзілдесіп, ақыл сұрай барсаң, тұнып тұрған ақылдың кені дерсің. Ұстаз еңбегінің таразысы - оның оқушыларының білімінде. Оқушылары тарих пәнінен республикалық олимпиадалар мен Ғылыми жобалар жарысының жеңімпаздары.
Мұсылмандықтың бес парызының бірі - Қажылыққа бару болса, Алла жолындағы парызын өтеп Қажы-Ана атанып, бес уақыт намазын қаза жібермей ізгілік, имандылықтың ақ жолымен өмір сүруде. «Жақсы кісі қартайса да, ақылынан танбас. Жақсы ат қартайса да, жүрісінен жазбас »демей ме? Осындай жаратылысынан таза ниетті, ой-өрісі ауқымды, даладай дархан жүректі ұлағатты ұстаз туралы естелік жазу мен үшін үлкен мәртебе. Рухани ақылшы ұстаз ретінде қадір тұтып, қасында жүріп, үлгі алып келеміз.