Отрасли
Обсуждения
Новость
Ана есімі ардақталған күн
Ана есімі ардақталған күн
Ару көктеммен бірге жыл құсындай ерте келер мерекенің бірі – 8 Наурыз Халықаралық әйелдер күні. Адамзатқа өмір нәрін берген, бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен әйел-аналар, қырмызы гүлдей жайнаған ару қыздар әр кезде де құрметке, ыстық ықыласқа лайық.
Атаулы мерекеге орай наурыз айының алтыншы жұлдызында мектебімізде “Әлемнің жарығын сыйладың сен маған…” атты мерекелік кеш өтті.
Ардақты ана, аяулы ана, қымбаттым,
Тәтті ұйқыңды бөліп талай түн қаттың.
Өміріме нәрін берді ақ сүтің,
Кең құшағың – аясында гүл бақтың, -
деп жыр өрнегімен басталған кеш барысында аналар жайлы ән шырқалып, күмбірлеп күй тартылды.
Мұрат Әйгерімнің орындауындағы “Соқыр ана” өлеңі кешке жиналған көпшілікті тебірентті. Сапар Сержан өз жүрегінен жарып шыққан “Анашыма” өлеңімен анаға деген перзенттік сезімнің теңіздей терең, тау суындай мөлдір екенін көрсетті.
“Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі” деген екен ұлтымыздың ардақтысы М.Мағауин. Ендеше, бізге әлемнің жарығын сыйлаған аналарымыз, елінің көркі мен мақтаны болған ару қыздарымыз аман болсын!
Гүлдерай ҚҰДИЯР
Аға тәлімгер