Отрасли
Обсуждения
Новость
Ұлыстың ұлы күні
Жыл басының жаңа күн мерекесін тойлауда даралықты Астана қаласы білім басқармасының №63 «Әсем-ай» балабақшасы тиянақты қолға алып, көптің көңілінен шығатындай етіп өткізуді мақсат еткен.
Ұлыстың ұлы күні — әз Наурыз, жыл басының жаңа күн мерекесін тойлауда даралықты Астана қаласы білім басқармасының №63 «Әсем-ай» балабақшасы тиянақты қолға алып, көптің көңілінен шығатындай етіп өткізуді мақсат еткен.
Балабақшаның мерейі тасып, мәртебесі асқақтаған әз Наурызды тойлауда ешкім шет қалған жоқ. Ұлттық салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымызды насихаттауға кеңінен мүмкіндік беретін мерекемізді тойлауды ауқымды іс-шаралар арқылы жүзеге асырды. Мереке аясында «Әсем-ай» балабақшасының жас ерекшеліктеріне сай барлық топтарда «Қош келдің, төрлет Наурызым», «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын», «Наурыз — жыл басы» атты тақырыптарда ертеңгіліктер өткізіліп, бүлдіршіндер әсем ән айтып, би билеп, ұлттық ойындарымызды көрермендерге тарту ету арқылы көпшіліктің ықыластарына бөленді. Ертеңгіліктер арқылы бүлдіршіндердің ұлттық салт-дәстүр туралы, ұлттық ойындар жайындағы білімдері шыңдалып, сөздік қорлары байытылып, шығармашылық ойлау қабілеттері арттырылды.
Сондай-ақ, мереке барысында балабақша ұжымы да өз өнерлерін көрсетіп, Ұлыстың ұлы күнін шынайы мерекеге айналдырды. Тәрбиеші көмекшілері мерекелік кеш ұйымдастырып, бірі ән орындап,бірі би билеп, енді бірі Алдар Көсе, шықбермес Шығайбай, Тазша бала кейпіне еніп сахналандырылған көріністер арқылы мейрамдыұлттық нақышта тойлады.
Сонымен қатар, балабақша бүлдіршіндерінің ата-аналары арасында да іс-шаралар ұйымдастырылды. Балалардың әжелері арасында "Біздің ардақты әжелеріміз" атты сайыс өткізілді. Іс-шараның мақсаты әжелердің Наурыз мейрамы туралы білімдерін сынау. Сайысымыз Наурыз мерекесі туралы, салт-дәстүр туралы, ұлттық тағамдарымыздың дайындалу әдісі туралы, мақал-мәтелдер айту кезеңдерінен тұрды.
Соңында қатысушы әжелерімізге балабақша меңгерушісі А.Д.Смакова ыстық ықыласы мен жылы лебізін білдіріп Алғыс хаттар тапсырды.
Осындай ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын мерейлі мерекелеріміз бола берсін, Ұлыстың ұлы күні баршамызға құтты болсын дегіміз келеді.