Отрасли
Обсуждения
Новость

9 мамыр – Ұлы Жеңістің 69 жылдығына арналған соғыс ардагерлерімен кездесу кеші өтті
2014 жылдың 26 сәуірінде біздің мектебімізде Ұлы Жеңістің 69 жылдығына орай соғыс ардагерлерімен кездесу өтті. Кездесуге шақырылған 6 ардагердің 5 келді. Өкінішке орай атамыз Хафизов Жалел денсаулығына байланысты кездесуге келе алмады. Келген қонақтарды мектебіміздің Жас Ұлан ұйымының белсенділер тобы ыстық қарсы алды. Жас Ұландықтар аталарға гүл шоқтарын сыйлап, Жеңіс мерекесімен құттықтап қарсы алды.
Ардагелер 6 «В» сынып оқушыларының дайындаған «Біз жеңістің ұрпақтарымыз!» атты әдеби-композициялық кешін және 6 «Ә» сыныбының "Сарғайса да тарихтың ақ парағы, ол күндер мәңгілік есте сақталады...» тамашалады. Балалар сұрапыл соғыс жылдарын суреттейтін қойылымдар көрсетіп, соғыс жылдарының әндерін шырқап, «Калинка» биін биледі. Балалар белгілі ақындардың тамаша мәнерлі өлеңдерін оқыды, өз жүректерінен шыққан өлең жырларын да қонақтарға арнап оқыды. «Ардагерге хат» атты шығармаларын 7 сынып оқушылары Бектібай Аруна, Арманқызы Аягөз, Серікқызы Айғаным тебіреніп оқыды.
Кеш соңында ардагерлер балаларға майдан жылдары туралы әңгімелеп, балалардың түрлі сұрақтарына жауап берді, өсіп келе жатқан ХХІ ғасыр ұрпақтарына өсиеттерін, тілектерін айтты.
Қонақтар балалармен қош айтысып, мектеп ұжымы әзірлеген дәмнен ауыз тиді. Мерекелік дастархан басында да сонау соғыс жылдарының қасіреті туралы, қазіргі Қазақстанның дүниежүзіндегі деңгейі, бейбіт саясаты туралы әңгіме өрбіді. Ұжым атынан, оқушылар мен ата-аналар атынан қонақтарға мерекелік сыйлықтар табысталды.