Отрасли
Сообщества
Новость
Елі сүйген, Елін сүйген - Елбасы
Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі 1990 жылдың 24 сәуірінде Н.Ә.Назарбаевты Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының ең алғашқы Президенті етіп сайлады. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Президенті ретіндегі қызметінің заңға сәйкес екенін 1991 жылы 1 желтоқсанда өткен ең алғашқы бүкілхалықтық сайлау одан әрі орнықтыра түсті. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы атауының Қазақстан Республикасы болып өзгеруіне байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің қаулысына сәйкес Н.Ә.Назарбаев 1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті лауазымымен қызметке кірісті.
Нұрсұлтан Әбішұлы әлемнің аса ірі мемлекет басшылары мойындаған қазақ мемлекетінің ең алғашқы басшысы, дүние жүзіне әйгілі саясаткерлердің бірі. Ол ел басқару ісінде халықтың ғасырлар бойы жинақталған бай тәжірибесі мен әлемдік тәжірибені тал бойына тоғыстырған алымды да алғыр басшы. Ел өмірінің алуан салалы тіршілік-тынысын терең білу, күрделенген проблемалардың ең елеулісін тап басып тани алу, ел ішіндік және әлемдік ахуалдармен санаса отырып ұрымтал әрекеттерге бару, сол жолда таңдалған бағытын табандылықпен жүзеге асыру- Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекет басшысы ретіндегі басты қасиеті. Н.Назарбаевтың бастамасымен тәуелсіз қазақ елінде дүниежүзілік-тарихи маңызы бар істер атқарылды. 1991 жылдың күзінде 40 жылдан астам уақыт бойы адамзат баласына от бүркіп, апат қауіпін төндіріп келген Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. 459 ядролық жарылыс өткен бұл полигон енді мәңгіге тыншыды. Туған елінің тыныштығын, адамзаттың қауіпсіздігін ту еткен Н.Назарбаев Америка Құрама Штаттарының, Ресейдің, Францияның билеушілерімен ұзақ та күрделі келіссөздер жүргізіп, ядролық қаруды Қазақстаннан аластауға 1994 жылы келісті. Бұл біз үшін өтеуі қымбат келісім еді. Өйткені ядролық державалар (АҚШ, Англия, Россия, Қытай, Франция) Қазақстанның тәуелсіздігіне, егемендігіне және бүгінгі шекараларының өзгермейтініне құрметін білдірді
ЮНЕСКО күнтізбесіне Абайдың 150 жылдық, М.Әуезов пен Қ.Сәтбаевтың 100 жылдық, Түркістанның 1500 жылдық мерейтойларының енуі, Париж бен Лондонда, Берлин мен Токиода қазақ арыстарының аттары құрметпен аталып, ән-күйлеріміз бұрынғыдай жалтаңкөзденбей, барынша еркін, қуанышты көңілде шалқуы мәдениетімізді, өнерімізді, ғылымымызды ғана түлетіп отырған жоқ, санамызды, дүниетанымымызды, мінезімізді де жаңаша қалыптастыруда. Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында қыруар іс атқарылды.
Үш ғасырға жуық уақыт бойы отаршылдықтың тауқыметін тартып, этнос ретінде шалажансар халге түскен қазақ халқын ел етіп, ТМД елдерінің аясындағы ең көп тілді, көп конфессиялы Қазақстанның еңсесін көтеріп, тәуелсіздік жолымен алып жүру міндеті Нұрсұлтан Әбішұлының маңдайына жазылды.
Елбасымыздың көптеген кітаптары, өлеңдері мен дәйексөздері бар. Мысалы: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Бейбітшілік кіндігі», «Ғасырлар тоғысында», және т.б. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранның сөзін жазған Елбасымыз жазғанын ұмытпаған жөн. Нұсұлтан Назарбаев есімін әртүрлі нысандарға беру туралы ұсыныстар жиі түсіп жатыр. Алайда, Елбасы барлық ұсыныстарға келісімін берген жоқ . Өз есімін білім және Ғылыммен байланыстыруды дұрыс санаған Н.Назарбаев өз атындағы университеті мен зияткерлік мектептердің ашылуына келісімін берді. Аталған білім беру орталықтарын өз бақылауында ұстауға тырысады. Назарбаев атындағы білім беру мекемелері Назарбаев қоры мен Назарбаев орталығының үйлестіруімен жүзеге асырылды.
Осы жылдар ішінде көптеген жетістіктерге жетіп, қазақ елінің ішкі – сыртқы саясатын, экономикасын едәуір көтерді.
Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы мемлекет дамуының басым бағыттарын айқындады. Назарбаевтың экономист және саясаткер ретіндегі жеке беделі елде қолайлы инвестициялық ахуалдың қалыптасуына, көптеген мемлекеттермен және халықаралық қаржы инситуттары мен қарқынды экономикалық ынтымақтасуға игі ықпал етті. Республикамызда ауылдарды, шағын қалаларды, қалаларды дамытуға, тұрғын үй құрылысын дамытуға, егер де бір кәсіп ашамын десең, белгілі бір теңгеде несие беріліп, ал мамандық иесі боламын десең, белгілі мерзімде оқуға жіберуге және тағы сондайларға бағытталған ірі әлеуметтік бағдарламаларды іске асырылуда. Елбасымыздың осылайша мемлекетті басқаруының арасында Дүниежүзілік сарапшылар арасында «Қазақстандық үлгі» термині пайда болды. Қысқа ғана мерзім ішінде үлкен дәрежеге жеткен Қазақстан халықаралық ынтымақтастық тұжырымдамасын қалыптастырды. Назарбаев ТМД, ОАО, Кеден одағы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Еуразия одағы сияқты халықаралық құрылымдарды дүниеге әкелудің бастамашысы.
Үш ғасыр бойы ата – бабамыз аңсап өткен азаттыққа, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың сарабдал саясаты мен көреген көшбасшылығының арқасында қол жеткіздік.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекетті басқару кезіңдегі, жүргізіп келе жатқан саясаты өзге мемлекеттерге қарағанда сапалы және тиімді. Қазақстан Республикасының дамуына үлес қосқан – қазақ елінің, тұңғыш президентіне алғысымыз шексіз!
Тарих пәнінің мұғалімі Бимендин Б.Д.
Тарих пәнінің мұғалімі Бимендин Б.Д.