Салалар
Талқылаулар
Новость

Мектебімізге Сұлтанбек Қожанов есімі берілді.
Астана қаласы әкімдігінің «Астана қаласының білім беру ұйымдарына жеке адамдардың есімдерін беру туралы» 02.02.2024 жылғы №511-315 қаулысына сәйкес «№64 мектеп-лицей»шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына Сұлтанбек Қожанов есімі берілді.
Сұлтанбек Қожанұлы Қожанов - мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист. Түркістандағы 4 сыныптық орыс түзем бастауыш мектебін (1910), 3 сыныптық қалалық мектепті (1913), Ташкент мұғалімдер семинариясын тәмамдаған. Мәскеуде БК (б) П ОК Марксизм-ленинизм курсын (1927) бітірген.
Сұлтанбек Қожанов елдің саяси-әлеуметтік жұмысына 1915-ші жылдан бастап белсене кірісті. Сол жылдары Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құралған “Кеңес” атты астыртын жастар ұйымын құрады. 1917 жылы көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқай, Қ.Қожықов, Қ.Болғанбаев, С.Ақаевпен бірге “Бірлік туы” газетін шығарды. 1920 жылдың соңына қарай Түркістан республикасының Ішкі істер халық комиссары, 1921 жылы қазанда Халық ағарту халық комиссары болып тағайындалды.
Түркістанда баспасөздің және ұлттық театрдың өркендеуіне елеулі үлес қосты. “Ақ жол” газетін шығаруды ұйымдастырып, оның алғашқы редакторы болды. 1922 жылы Түркістан республикасының Жер шаруашылығы халық комиссары болып тағайындалысымен, ауыл ахуалына ерекше көңіл бөліп, өлкедегі жер-су реформасына ұлттық сипат беру бағытын да ұстанды.
1922 – 1924 жылы Түркістан КП комитетінің хатшысы, атқару кенті төрағасының орынбасары, РК(б)П ОК Орта Азия бюросының мүшесі болды. 1924 жылы қарашада РК(б)П Қазақ обкомының (1925 жылы ақпаннан – Қазақ өлкекомының) екінші хатшысы қызметіне жіберілді. С.Қожановтың тікелей ұсынысымен Кеңестердің І съезі қазақ халқы тарихи атауын (патшалық тұсынан бұрмаланып қалыптасқан “киргиз” деген атты төл атауына – “қазаққа” түзетіп) қайтарып, астаналық қала атын Қызылорда деп өзгертті.
1929 жылы Орта Азия мақта-ирригациялық политехника институтын (САХИПИ) құрып, алғашқы директоры болды, сонымен қатар 1929 – 31 жылы Орта Азия мақта кентінің директоры қызметін атқарды.
Қожанов негізгі міндеттерін қоғамдық, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен ұштастырып отырды. Мектепке арналған “Есептану құралы” атты оқулығы (1924), “Түркістанның Кеңестік Автономиясының он жылдығына” атты орыс тіліндегі зерттеуі (1928) жеке кітап болып шыққан. «Есеп тану құралы» атты оқулығы көпшілікке арналған қазақ мектебінің математикадан бірінші оқулығы болатын.
Сұлтанбек Қожанов 1937 жылы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, 1938 жылы саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 жылы Қожанов ақталғаннан кейін мемлекетке сіңірген еңбегі мойындалып, тек қана 1994 жылы еңбектері шығарыла бастады. Алматы, Шымкент қалаларындағы көшелерге Қожанов есімі берілген. Түркістанда ескерткіш қойылған. ВИДЕО КӨРУ