Салалар
Талқылаулар
Новость

Жүсіпбек театрында кезекті премьера - «Пері қатын» абсурдты драмасы сахналанды
Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының ұжымы көрерменге неміс драматургы Бертольт Брехтің «Пері қатын» драмалық абсурдын ұсынды.
Премьералық қойылымның қоюшы режиссері - Азия және Еуропа елдеріндегі театр ұжымдарының тәуелсіз режиссері Овлякули Ходжакули.
Шығарманы аударған – Асылбек Ихсанов.
Хормейстер – Елена Баторшина.
Вокал – Гүлмира Әлжанова.
Балетмейстер - Айгүл Дайырбаева.
Шығармадағы оқиға Орталық Еуропадағы 1618-1648 жылдар аралығында орын алған отыз жылдық соғыс барысында өрбігені мәлім. Ал Жүсіпбек театрының нұсқасы бойынша сахналанған қойылым соғыстағы жағдай адамзат тарихының кез келген мерзімінде орын алуы мүмкін екенін меңзейді. Пері әйел өз құрсағынан шыққан үш баласына қауіп төндіріп тұрған соғыс есебінен баюды көздейді. Басты кейіпкер – Бекторы Аюкенің Балауса есімді мылқау қызы, Алтын Кекіл және Үйрек есімді ұлдары бар. Ұлдың үлкені Алтын Кекіл - даңғой, мақтаншақ, ал кішісі жуастау, бірақ алаңғасарлау жігіт. Анасы күймемен ел аралап, сауда жасап, балаларын жанына ертіп жүреді. Бірде әскерге солдат жинаушылар сау ете түсіп, бұлардың өмірінде аласапыран уақыт басталды.
Драмалық абсурдта дала театры, пластикалық театр, би театры және музыкалық театр сияқты бірнеше жанрдың тоғысы бар. Кейде төтеннен заманауи бидің ырғағы ілестіріп әкетсе, енді бірде «Қыз Жібектің» ариясы, «Сүгірдің термесі» орындалып жатты. Осының барлығын режиссер мен актерлер қиюластырып, келістіре білгені де шеберлік.
Атап өтерлігі, «Пері қатын» Бертольт Брехтің «Есірген шешей және оның балалары» шығармасы мен өзге де туындыларының желісі бойынша сахналанды.
Премьераға Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы театр өнерінің тарихы мен теориясы кафедрасының аға оқытушысы, өнертану магистры Айжан Ахмет арнайы келіп, актерлердің өнеріне өз бағасын берді.